National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Жаңалықтар


Ақорда

Мемлекет басшысының төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтті

2019 жылғы 30 қаңтар

Үкімет отырысы басталар алдында Нұрсұлтан Назарбаев «Үкімет үйі» ғимаратының фойесіне қойылған цифрлық тақтаны көрді. Онда «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының 2018 жылғы іске асырылу нәтижелері туралы ақпарат және Электронды үкіметтің Ахуалдық орталығының мәліметтері енгізілген.

Кеңейтілген отырыста еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму барысы талқыланып, экономикалық өсімді одан әрі қамтамасыз ету жөніндегі шаралар айқындалды.

Отырысты ашқан Қазақстан Президенті 2018 жылдың қорытындысы бойынша экономикалық көрсеткіштердің жақсара түскенін атап өтті.

– Экономикалық өсім 4 пайыздан асты. Жалпы, сауда саласында – 7,6 пайыз, көлік саласында – 4,6 пайыз және өнеркәсіпте – 4 пайыздан астам өсім бар. Өзге салаларда да жақсы қарқын байқалады. Жылдық инфляция 5,3 пайызды құрады. Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 17,2 пайызға артты, – деді Елбасы.

Жиын барысында Премьер-Министрдің орынбасары Е.Досаев, Ұлттық банк төрағасы Д.Ақышев, Премьер-Министрдің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі Ө.Шөкеев, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Ж.Қасымбек, Жамбыл облысының әкімі А.Мырзахметов, Батыс Қазақстан облысының әкімі А.Көлгінов баяндама жасады.

Мемлекет басшысы баяндамалардан кейін Үкімет, Ұлттық банк және өңірлердің әкімдері дамудың жақсы көрсеткіштеріне қол жеткізуге жол ашқан ауқымды жұмыстар атқарғанын атап өтті.

– Ең төменгі жалақы көлемі 1,5 есе өсті. 500 мыңға жуық адам жұмыспен қамтылды. 113 мың отбасы жаңа баспанаға ие болды. Кәсіпкерлік үшін мейлінше қолайлы жағдайлар жасалды, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Сонымен қатар, Қазақстан Президенті әлемдік экономикадағы үрдістерге тоқталып, экономикалық өсімді одан әрі қамтамасыз ету қажеттігін айтты.

– Өткен жылдан бастап мемлекеттік әлеуметтік саясат жүйелі түрде қайта қарастырылды. Бес әлеуметтік бастама, жуырдағы Жолдау және жастарға арналған әлеуметтік қолдау шаралары аясында барша қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруды қамтамасыз ету үшін көп қаржы бөлінуде. Бүгінде көптеген елдердің мұндай әлеуметтік шығындарға шамасы келмейді, – деді Елбасы.

Мемлекет басшысы бұдан былай мемлекет тиімділігінің басты критерийлері кіріс пен тұрмыс сапасы тәрізді екі көрсеткіш болатынын айтып, әрбір министр мен әкімнің жұмысы осы тұрғыдан бағаланатынын атап өтті.

Отырыста Нұрсұлтан Назарбаев барлық бағдарламалық құжаттардың іске асырылу барысы мен нәтижелеріне арнайы тоқталды.

– Ұлт жоспарында мемлекет рөлін бәсеңдетуге, жеке бизнес пен бәсекелестікті дамытуға және заң үстемдігін қамтамасыз етуге негізделген экономиканың жаңа моделін қалыптастыру міндеті қойылды. Ішкі жалпы өнім, ең алдымен, еңбек тиімділігі мен өнімділігін арттыру, шағын және орта бизнесті дамыту есебінен өсуге тиіс. Соңғы жылдары экономикадағы шағын және орта бизнестің үлесі 25,17 пайыз деңгейінде қалып отыр. Біздің міндетіміз – бұл көрсеткішті 2025 жылға қарай 35 пайызға дейін, 2050 жылы кем дегенде 50 пайызға жеткізу, – деді Қазақстан Президенті.

Елбасы Бизнестің жол картасы аясында 385 миллиард теңге бөлінгенін, 20 мыңнан астам жобаға қаржылай қолдау көрсетілгенін, сондай-ақ 180 мыңға жуық кәсіпкер тиісті білім алғанын атап өтті.

– Елімізді дамыту үшін әлеуетіміз жеткілікті. Мәселен, тек реттелетін сатып алулар көлемі 11 триллион теңгені құрайды. Сарапшылар құны шамамен 1 триллион теңге көлеміндегі импортталатын тауарлар мен көрсетілетін қызметтерді ішкі өндіріспен алмастыру мүмкіндігі бар деп бағалап отыр. Сонымен қатар, шағын және орта бизнес өкілдері өндірген өнім көлемі Павлодар және Түркістан облыстарында төмендеген. Үкіметке әкімдермен бірлесіп, осы мәселенің мән-жайын анықтауды тапсырамын. Әрбір әкім шағын және орта бизнестің дамуына өзі жауап береді. Ал Үкімет деңгейінде жеке жауапкершілік Премьер-Министрдің орынбасары Е.Досаевқа жүктеледі, – деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттің экономикаға және бәсекелес нарықтарды кеңейту ісіне араласу мәселелеріне айрықша тоқталды.

– Монополияға қарсы қызмет мекемесі бәсекелес нарықтар қалыптастыру және бизнес аясын кеңейту ісімен айналысуға тиіс. Жеке сектор экономика мен еңбек өнімділігін арттырудың басты қозғаушы күшіне айналуы керек. Әрбір әкім өңір экономикасының құрылымы қандай болу керек екенін және ненің есебінен дамитынын, қандай салалардың ілгерілеуі арқылы жаңа жұмыс орындары мен тұрғындар табысын қамтамасыз ететінін нақты білуге тиіс, – деді Қазақстан Президенті.

Осыған байланысты, әкімдерге «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, өңірді өркендету мүмкіндіктеріне орай жұмыс орындарын ашуды көздейтін әр облыстың даму жоспарын әзірлеу тапсырылды.

Сонымен бірге, Қазақстан Президенті экспорт құрамында қайта өңделген ауыл шаруашылығы өнімінің үлесін арттырудың және тарифтердің, халық үшін әлеуметтік мәні бар тауарлардың бағасын бақылауда ұстаудың маңызды екенін атап өтті.

Нұрсұлтан Назарбаев мал шаруашылығын дамыту және ішкі нарықты отандық тауар өндірушілер өндірген ауыл шаруашылығы өнімімен қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше назар аударды.

Мемлекет басшысы индустрияландыру бағдарламасын іске асыру және негізгі капиталға инвестиция тарту үдерісінің нәтижелеріне тоқталды.

– Индустрияландырудың екінші бесжылдығы аяқталып келеді. 1250 жоба іске асырылды. Бұл жобалар өнеркәсіпті дамыту ісінде маңызды рөл атқарды.  Еліміздің Үшінші жаңғыруы үшін негізгі капиталға тартылатын инвестиция көлемін жылына ішкі жалпы өнімге шаққанда 30 пайыздан астам деңгейге жеткізуіміз қажет. Соңғы жылдары бұл көрсеткіш 20 пайыздан төмен. Ішкі жалпы өнімге қатысты несиенің де үлесі аз – 25 пайыз. Мұнда нақты секторға салынатын инвестиция көлемінің аздығы туралы сөз болып отыр. Ұлттық банк белсенділік танытып, экономикалық өсімді қамтамасыз етуге атсалысуы керек, – деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев нақты секторды және инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыру ісін қамтамасыз ету үшін жүйелі шешімдер әзірлеуді, сондай-ақ дамыған елдердің инвесторларына баса мән бере отырып, инвестиция тартудың кешенді экожүйесін құруды тапсырды.

– Әрбір салалық министрлікте, әкімдіктерде, ұлттық компанияларда инвестициялық жұмыс пен экспорт мәселесіне жауапты нақты орынбасарды белгілеу қажет. Үйлесімді жұмыс істеу үшін тиімді ықпалдастық орнату керек. Біз өнімнің 500 жаңа түрін шығарып, 110 елге өз өнімімізді экспорттап отырмыз. Дей тұрғанмен, экономика құрылымына нақты ықпал ете алатын жобалар әлі де болса аз. Жоғары дәрежеде өңделген өнім экспортының көлемі еш өзгерген жоқ, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті еліміздің қаржы және банк секторындағы мәселелерді уақтылы шешу қажеттігіне назар аударды.

– Соңғы 3 жылдың ішінде банкротқа ұшырағалы отырған кәсіпорындардың саны 3,7 мыңға дейін, яғни 2 есеге жуық өсті. Қазір олардың қарызы 4 триллион теңгеден асты. Шағын бизнеске шектен тыс көп несие берілді. Бизнестің дамуына қарыздың көптігі мен өз капиталының тапшылығы кедергі келтіруде, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы банкроттық рәсімді жеңілдету және оның ашық болуының деңгейін арттыру маңызды екенін атап өтті.

– 5 жыл ішінде заңнамаға 30 өзгеріс енгізілсе де, жағдай жақсарған жоқ. Банкроттық рәсім қаржылық сауықтыру шараларын қолдануға мүмкіндік бермейтін кезеңде қолданылады. Үкімет және Премьер-Министр Б.Сағынтаевтың тікелей өзі өңірлер мен кәсіпорындар бойынша осы мәселелерді нақты әрі жүйелі шешу қажет, – деді Қазақстан Президенті.

Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев экономикадағы көлеңкелі айналыммен күресу мәселелеріне тоқталды.

– Біздің міндетіміз – көлеңкелі экономика үлесін 3 жыл ішінде кем дегенде 40 пайызға қысқарту. Заңды тұлғалар үшін банктер арқылы қолма-қол ақша алудың шекті көлемін белгілеу мүмкіндігін зерттеу қажет. Үкімет жеке тұлғалар үшін негізгі қарызды төлеген жағдайда айыппұлдан босатып, салық амнистиясын жүргізуі керек, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті халықтың тұрмыс сапасын арттыру мәселесіне ерекше тоқталып, Үкімет пен әкімдіктер алдына бірқатар міндет қойды.

– Менің тұрмыс сапасы мәселесін мемлекеттік басымдық ретінде белгілегенім кездейсоқ емес. Өңірлерге жиі барамын және жергілікті жерлерде жұртшылықты қандай мәселелер алаңдататынын жақсы білемін. Тұрмыс сапасы абстрактілі ұғым емес. Бұл дегенің – тұрғын-үй, білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік көмек, экология, жол, қоғамдық көлік, қауіпсіздік мәселелері, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы облыстарда және аудандарда жол салу мәселесіне баса мән беріп, өңірлерді инфрақұрылымдық тұрғыдан дамыту жөніндегі жұмыстарды жалғастырудың маңыздылығын ерекше атап өтті.

– Менің тапсырмам бойынша, Президент Әкімшілігі әлеуметтік зерттеулер нәтижесінің негізінде еліміздің Проблемалы мәселелер картасын жасады. Онда әр өңір бойынша жолдар, ауылдардың сумен қамтылуы, ауруханалар, мектептер, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және желілер жағдайы тәрізді жүйелі әрі инфрақұрылымдық проблемалар қамтылған. Осы сияқты мәселелерді шешуге күш жұмылдырған жөн. Әзірленген картаны Үкіметке беру керек. Ең алдымен, тұрғындардың өзекті мәселелерін шешу қажет, – деді Қазақстан Президенті.

Отырыс барысында тұрғын үй салу және оған халықтың барлық санатының қолжетімділігін қамтамасыз ету жөніндегі жұмыстарды жалғастыру қажеттігі айтылды.

– «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы бойынша рекордтық көлем – 12,5 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұрын мұндай құрылыс қарқыны бізде болған емес. Бұл бағдарлама жергілікті өнім өндірушілердің өндірісін дамытуға тың серпін берді. Олардың үлесі шамамен 85 пайыздан асады. «7-20-25» бағдарламасы бойынша 3,7 мыңнан астам тұрғынымыз жаңа баспанаға ие болды. Сонымен бірге, түрлі факторларға байланысты халықтың барлық санатының бұл бағдарламаларды пайдалануға мүмкіндігі жоқ, – деді Елбасы.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысы миллионнан астам тұрғыны бар қалаларда жастарға арналған жалдамалы пәтер салу жұмыстарын жалғастыруды тапсырды.

– Кейбір өңірлер инфрақұрылымнан алыс әрі шығын көп кететін жаңа тұрғын үйлер алабын салу мәселесін көтеруде. Біз «адамдар инфрақұрылымға» моделі бойынша жұмыс істейміз деген жоқпыз ба, керісінше емес. Менің тапсырмама сәйкес, Астана қаласының ықшамды құрылысына байланысты 5 жылға арналған Кешенді жоспар әзірленді. Бұл ретте, тұрғындар үшін қоғамдық игіліктің және қызметтердің қолжетімді болуы ескеріледі. Өңірлер әкімдері осы тәжірибені зерттеп, соған сәйкес жоспар қабылдауға тиіс, – деді Қазақстан Президенті.

Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев халыққа сапалы білім беру ісін қамтамасыз ету жөніндегі жұмыстарды жалғастыруды тапсырды.

– Білім саласында мұғалімдердің жұмыс жағдайы жақсарып келеді және олардың жалақылары өсті. Жоғары оқу орындары дербестікке ие болды. Мектепке дейінгі білім беру ауқымы кеңейді. Өткен жылы 70-тей жаңа мектеп салынды. Барлық мектепті толық интернетпен және көлікпен қамтамасыз ету қажет, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті техникалық және кәсіби оқыту ісіндегі мамандар даярлау үдерісі мен оны бітірген түлектердің жұмысқа орналасу мәселесіне де тоқталды.

Нұрсұлтан Назарбаев еліміздегі денсаулық сақтау жүйесінің жақсы дамып келе жатқанын айтты.

– Денсаулық сақтау саласында инфрақұрылымды дамытып, медициналық қызмет көрсету сапасын жақсарту жұмыстары жалғаса береді. Өмір сүру ұзақтығы мен туу көрсеткіші артып келеді. 16 миллион адамның денсаулық жөніндегі электронды төлқұжаты жасалып, жедел жәрдем қызметі жаңғыртылды. Мен қол қойған заңның арқасында дәрі-дәрмек бағасы реттеліп, ашықтыққа мән берілетін болды. Бюджет қаржысын 26 миллиард теңгеге үнемдеуге септігін тигізген дәрі-дәрмектің ашық есебін енгізу жөніндегі тәжірибені қолдаймын, – деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар, Қазақстан Президенті өңірлердегі медициналық қызмет көрсету ісінің қолжетімділігіне қатысты проблемаларға тоқталып, «Саламатты Қазақстан» арнайы пойыздарын іске қосу жөніндегі жобаның тиімділігін айтты.

– Шалғай ауылдарда жылжымалы медициналық тексеру орындарын ұйымдастыруға болады. 3 жыл ішінде жедел жәрдем қызметін автомобильдермен және реанимобильдермен қамтамасыз ету ісін шешу керек. Осының бәріне 27 миллиард теңге бөлу қажет. Әкімдер 2020 жылдың аяғына дейін инвентаризациялау негізінде, ең алдымен, аудандық ауруханалар мен емханаларды қажетті медициналық құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етуі қажет, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы әлеуметтік қолдау көрсету ауқымы айтарлықтай өскенін атап өтіп, Үкіметке 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан берілетін әлеуметтік төлемақылардың орташа мөлшерін 30 пайызға дейін арттыруды, сондай-ақ мүгедектердің құқықтарын қамтамасыз ету және тұрмыс сапасын жақсарту жөнінде Ұлттық жоспар қабылдауды тапсырды.

– Прокуратура еңбеккерлердің еңбек құқығына қатысты 37 мыңнан астам заң бұзушылықты анықтады. Соның ішінде еңбекақы жөніндегі қарыздар, еңбек ету жағдайы қауіпсіздігінің бұзылуы, жалақының дұрыс есептелмеуі, денсаулыққа зиян келтіретін жағдайларға байланысты қосымша төлемақының берілмеуі, шетелдік кәсіпорындарда жұмыс істейтін азаматтарымыздың құқықтарының шектелуі сияқты мәселелер бар. Үкімет, әкімдер мен прокуратура органдары бұл мәселені қатаң бақылауға алуы тиіс, – деді Қазақстан Президенті.

Соңында Нұрсұлтан Назарбаев Үкіметтің барлық жұмысының нәтижесін халық сезінуі тиіс екенін атап өтіп, «Қазақстан – 2025» стратегиялық даму жоспарына сәйкес, 2019 жылғы Министрлер кабинеті жұмысының тиімділігі жөніндегі негізгі критерийлерді бекітті.

– Экономиканың тұрақты өсімін 4 пайыздан кем емес деңгейде қамтамасыз ету керек. Озық 30 елдің қатарына қосылу үшін болашақта 5 пайыздық көрсеткішке қол жеткізу қажет. Ішкі жалпы өнімдегі шағын және орта бизнестің үлесін 28,2 пайызға дейін жеткізген жөн. Шикізаттық емес тауарлар мен қызметтер көлемінің өсімін 24,7 миллиард долларға дейін, еңбек өнімділігінің өсімін 2016 жылғы мөлшерден 12,3 пайызға, инвестиция өсімін ішкі жалпы өнімнен 16,8 пайызға дейін жеткізуді қамтамасыз ету қажет. Өсімнің инклюзивті моделі аясында тұрғындардың орташа жан басына шаққандағы нақты кірісін 2016 жылғы көрсеткіштен 6 пайызға дейін арттыру керек, – деді Мемлекет басшысы.


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару
Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің