Бөлімдер санаты

Жаңалықтар

15 мамыр 2012
Бүгін ҚР Мемлекеттік хатшысы Мұхтар Құл-Мұхаммедтің төрағалық етуімен Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік рәміздер жөніндегі республикалық комиссияның отырысы болып өтті.

- Елбасымыз айтып өткендей, «Біз Тәуелсіздігіміздің рәміздерін қасиет тұтуымыз қажет. Бұл – біздің халқымыздың мақтанышы!». Биыл Қазақстан Республикасы мемлекеттік рәміздерінің қабылданғанына 20 жыл толады. Қазір осы мерекені атап өтуге арналған тұтас шаралар кешені әзірленіп, бекітілді. Мемлекеттік рәміздердің 20 жылдығы әрбір қазақстандықтың патриотизм мен елге деген мақтанышын оятатын мерекеге айналуы үшін барлық қажетті шараларды атқару қажет, – деп атап өтті  отырысты ашқан Мемлекеттік хатшы.

Мұхтар Құл-Мұхаммед жиынға қатысушылардың назарын «Мемлекеттік рәміздер туралы» Конституциялық заң талаптарының бұзылуына жол бермеу мәселесіне аударып, әрбір анықталған заңбұзушылық фактісіне заңнамаға сәйкес қатаң шара қолдану керектігін баса айтты.

- Мемлекеттік органдар заңбұзушылықтар бойынша БАҚ, қоғамдастық өкілдерінің немесе депутаттардың қалай әрекет ететінін күтіп отырмауы керек. Олар заңнама нені талап етсе, соны жасауы қажет. Әдістемелік көмек көрсетіп, мониторинг пен бақылау жүргізулері керек. Ал заң талаптары бұзылса, шаралар қабылдауға тиіс. Бүгінде депутаттық корпус Үкіметпен және тиісті министрліктермен бірлесіп, мемлекеттік рәміздер туралы заңнаманы жетілдіру бағытында ауқымды жұмыстар атқарып келеді. Мен осы заң жобасының аясында «Мемлекеттік рәміздер туралы» Конституциялық заң нормаларын бұзғаны үшін қылмыстық жауапкершілікке дейін қарастырылғанын білемін», - деп атап өтті Мұхтар Құл-Мұхаммед.

Комиссия отырысында ҚР Спорт және дене шынықтыру істері агенттігінің төрағасы Т.Ермегияевтің, Білім және ғылым министрі Б.Жұмағұловтың, Ауыл шаруашылығы министрі А.Мамытбековтің, Мәдениет және ақпарат министрі Д.Мыңбайдың, сондай-ақ Ақтөбе, Қызылорда және Оңтүстік Қазақстан облыстары әкімдерінің Мемлекеттік рәміздерді пайдалану жөніндегі жұмыстары туралы есептері тыңдалды.

Жиын соңында комиссия төрағасы нақты міндеттер белгілеп, тапсырмалар берді.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар