Жаңалықтар

11 мамыр 2012
Бүгін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапарымен келді.

 

Президенттің өңірге жұмыс сапарының бағдарламасы «Батыс Күнбағыс» АҚ өсімдік майы зауытын аралаудан басталды. Жоба жергілікті бюджет пен «Орал» ӘКК қолдауымен жүзеге асуда.

Акционерлік қоғамның басшысы Мұрат Жаркеев Мемлекет басшысына зауыттың макетін көрсетіп, өндірілетін өнімдер туралы әңгімеледі. Зауыттың іске қосылуымен бірге жұмыскерге төленетін орташа еңбекақысы 68 мың теңге болатын 150 жаңа жұмыс орны ашылған.

Кәсіпорын 2009 жылғы желтоқсанда жұмысын бастады. Аталған жоба Мемлекет басшысының майлы дақылдар егістік алқаптарын әртараптандыру және ұлғайту жөніндегі тапсырмасын орындау аясында іске асырылуда. Зауыт жоғары технологиялық еуропалық жабдықтармен жабдықталған. Бұл жоғары сапалы тазартылған күнбағыс майы мен өсімдік майынан рапс, сафлор, зығыр майы тәрізді және  басқа өнімдерді өндіруге мүмкіндік береді.

Мемлекет басшысы тығыздау, ағарту және рафинация цехында болып, майды тығыздау, тазарту және суыту желілерінің жұмысымен танысты. Құю цехында Президентке халықаралық стандарттар талаптарына сәйкес шығарылған өнімдерді құю және буып-түю жөніндегі автоматты режімнің жұмысы таныстырылды. Зауытты өздерінің шикізатымен қамтамасыз ету мақсатында жобаның аясында өңірдің 43 ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерінің қатысуымен сервистік-дайындау орталығы құрылған.

Осы арада зауытта Мемлекет басшысы «Орал» ӘКК-на қарасты шаруа қожалығының басшыларымен кездесті.

«Ауыл шаруашылығы өнімдерінің өндірісін дамыту маңызды. Бұл үшін шаруа қожалықтарын шағынкредиттеуді ұйымдастыру арқылы қаржыландыру қажет», - деп атап өтті Қазақстан Президенті.

Кездесудің соңында Мемлекет басшысы фермерлерге денсаулық пен сәттілік тіледі.

Одан кейін Нұрсұлтан Назарбаев «Батыс Қазақстан машина жасау компаниясы» АҚ зауытында болды.

Кәсіпорын 2003 жылы құрылған. Ол мұнайгаз және мұнай кәсіпшілігі жабдықтары, газтурбиналық электрстансасы, резервуарлар мен металл конструкцияларын шығаруға маманданған. 2010 жылы Индустрияландыру картасы аясында құны 3 миллиард теңгені құрайтын газ айдайтын агрегаттар мен газтурбиналық электрстансалар жобалары жүзеге асырылды.

Зауыттың директоры Әліби Ахметжанов Мемлекет басшысына президенттік тапсырмалардың орындалу барысы туралы әңгімелеп берді. Қазақстандық газ айдайтын агрегаттар мен газтурбиналық электрстансасының өндірісін игеру, газкомпрессорлық станса үшін жабдықтар дайындау және жөндеу, «Мақат» компрессорлық стансасын қайта құру, сондай-ақ әскери авиация қозғалтқыштарын жөндеу мәселелері туралы әңгіме болды. Кәсіпорын қызметінің басты бағыттарының бірі Қазақстан үшін әскери және азаматтық мақсаттағы авиациялық қозғалтқыштарды жөндеу бойынша бірегей және инновациялық база ұйымдастыру болып табылады. Қызметтің бұл түрінің Қазақстанда әзірге баламасы жоқ.

Ә.Ахметжанов атап өткендей, қазіргі уақытта аталған жоба осы саладағы жетекші кәсіпорындар «Салют» газтурбақұрылысы Мәскеу ғылыми орталығы мен «Мотор» Луцкий жөндеу зауытымен бірлесіп жүеге асырылуда. Соңғы алты жылда аталған кәсіпорында «ЗКМК» зауытының 25 жұмысшысы авиациялық және газтурбиналық қозғалтқыштарды жөндеу жұмыстары бойынша дайындықтан өтті. Кәсіпорын таяу уақытта қозғалтқыштарға күрделі жөндеу жұмыстарын өздерінің күшімен іске асыруды жоспарлап отыр.

Президент сондай-ақ мұнайды жылытуға арналған пеш өндірісі бойынша және перфорациялық жүйе мен перфозарядтар өндірісін ұйымдастыру жөніндегі инновациялық жобаларды іске асыру барысымен танысып шықты.

Сонымен қатар, кәсіпорынның басшысы Мемлекет басшысына «ЗКМК» зауытының «General Electric» және «Solar» американдық компанияларымен ынтымақтастық бағдарламасы туралы айтып берді. Мысалы, «GE» компаниясының лицензиялық технологиясын қолдана отырып, кәсіпорын базасында газтурбиналық қондырғыларды жөндеу, қызмет көрсету және автиматика жүйесін жөндеу мен басқару бойынша сервистік орталық құрылған. Жуықта зауыт басшылығы тарапынан «Solar» газтурбиналық қозғалтқыштарына арналған көмекші жабдықтарды жергіліктендіру туралы Келісімге қол қойылды.

«Бұл жабдықтар өте маңызды және біз үшін қажет. Біз мұнай мен газдың еліміз. Сондықтан біз сіздердің компанияларыңызбен ынтымақтасуға қызығушылық танытамыз. Сонымен бірге, осы жабдықтардың бірқатар бөлшектерінің өндірісін жергіліктендіру жөніндегі талаптардың орындалуын қамтамасыз ету қажет», - деп атап өтті Мемлекет басшысы  «Solar» компаниясының өкіліне, зауыттың шетелдік әріптесіне қаратып.

Зауытты аралау кезінде Президентке көміртек материал пайдаланылған алғашқы эксперимент ретіндегі отандық турбиналы-винтті ұшақ таныстырылды. Барлық жинақтау процесі зауытта іске асырылған. Бұл әзірге алғашқы ұшақ, әйтсе де кәсіпорын оларды көптеп шығаруды жоспарлап отыр. Аталған әуе кемесі өнеркәсіп және мұнайгаз салаларында қолданылуы мүмкін.

Президент сондай-ақ оқдәрі шығаратын цехта болып, зауыттың жұмысшыларымен кездесті.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар