Жаңалықтар

14 мамыр 2012
Бүгін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенкомен кездесті.

02

03

04(2)

Беларусь Республикасы Президентінің резиденциясындағы кездесудің салтанатты рәсімінен кейін Нұрсұлтан Назарбаев пен Александр Лукашенко шағын құрамда келіссөздер жүргізді.

Беларусь Президенті екі ел арасындағы тауар айналымы миллиард АҚШ долларына жақындап қалғанын және Қазақстан Беларусь елімен сауда көлемі бойынша ТМД-да Ресей мен Украинадан кейін үшінші орынды иеленетінін атап өтті.

- Егер Қазақстан бізге жақын болғанда, тауар айналымы едәуір арта түсетініне сенемін. Бізде Қазақстанға деген қажеттілік бар, біз бір-бірімізді өзара толықтыра аламыз. Бізде шешілмеген саяси мәселелер жоқ. Біз экономикалық ынтымақтастықта жетістіктерге жеттік. Мен сондай-ақ Сізге бізді машина жасау кешеніне, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірудің қазақстандық даму бағдарламасына қосқаныңыз үшін ризашылығымды білдіргім келеді. Бұл, әрине, бізге тауар айналымын ұлғайтуға мүмкіндіктер береді. Ол, әсіресе, Бірыңғай экономикалық кеңістіктің құрылуымен артуда. Бірыңғай экономикалық кеңістікті дамыту мәселесіне қатысты біздің көзқарасымыз өте ұқсас. Мен Сіздің бұдан жиырма жыл бұрын айтқан идеяңыздың сұлбасы ғана қалыптасып қоймай, мазмұны жағынан да толыққанды орындалатын сәті алыс емес деп ойлаймын, - деді Александр Лукашенко.

Өз кезегінде, Мемлекет басшысы бірлескен кездесудің оң динамикасын атап өтті.

- Бізде өзара іс-қмылдың өте орасан бағдарламасы бар. Беларусь біз үшін стратегиялық әріптес, жақын дос және одақтас болып саналады. Оның үстіне, біз Бірыңғай экономикалық кеңістік және Қазақстан, Ресей және Беларусь Кеден одағының құрамындамыз. Бұл бізді барлық қатынастар бойынша одан әрі жақындастыра түседі. Мен бұл сапар біздің өзара қарым-қатынасымызды, әсіресе сауда саласындағы қатынастарды жаңа деңгейге шығарады деп айта аламын. Тауар айналымының көлемі миллиард доллардан асуы керек. Мемлекетаралық және халықаралық жоспарлардағы біздің екі жақты қатынастарымызға қатысты Қазақстан мен Беларусь бірыңғай позиция ұстанады. Осы кездесуді пайдаланып, мен жақында атап өтілген Жеңіс күнімен құттықтаймын, өйткені бұл Беларусь үшін ерекше күн. Ең ұзақ басқыншылық сіздердің республикада болды. Сіздер барша әлемнің сүйіспеншілігін тудырған батыр халықсыздар. Басқыншылыққа қарамастан, аумақтың 60 пайызы партизандардың бақылауында болды. Ұлы Отан соғысы жылдарында 76 қазақстандық осында Кеңес Одағының Батыры атағына ие болды. Бізді адалдыққа деген дәнекерлік байланыстарады. Мен біздің экономикалық ынтымақтастығымыз барлық бағыттары бойынша жаңа деңгейге көтерілсе деген үлкен тілеумен келдім. Біздің Бірыңғай экономикалық кеңістік пен Кеден одағынан күтетініміз көп. Бүгінде посткеңестік кеңістікте Қазақстан, Ресей және Беларусь секілді бір-біріне жақын одақтастар жоқ, - деп атап өтті Нұрсұлтан Назарбаев.

Одан кейін кеңейтілген құрамда келіссөздер жүргізілді. Тараптар екі ел арасындағы саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту және нығайту мәселесін, сондай-ақ халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселені талқылады.

Мемлекет басшысы 2011 жылдың қорытындысы бойынша тауар айналымы 730 миллион долларды құрағанын атап өтті. Жыл басынан бері оның орнықты өсуі байқалуда. Тек қаңтар-ақпан айларында тауар айналымы өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 70 пайызға ұлғайды.

Кеден одағының құрылуы мен Бірыңғай экономикалық кеңістіктің қалыптасуы, сондай-ақ сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі қазақстан-беларусь үкіметаралық комиссиясы екі елдің экономикалық кооперациясы үшін жаңа мүмкіндіктер ашты.

Қазақстан нарығында «МТЗ», «БЕЛАЗ», «МАЗ», «Атлант» тәрізді белгілі өнеркәсіп алыптары мен өзге 23 сервистік орталық белсенді жұмыс істейді. Олар сомасы жүз миллион долларға жуық қаражатты құрайтын Қазақстанның Индустрияландыру картасының 5 ірі жобасына қатысуда. Сонымен бірге, бүгінде 103 бірлескен кәсіпорын жұмыс істейді. Өз тарапынан, Қазақстан беларусь компанияларын жекешелендіру үдерісіне белсене қатысу ниетінде.

Батыс Еуропа-Батыс Қытай бағыты бойынша Еуразиялық көлік дәлізінің құрылуымен транзит-көлік саласындағы ынтымақтастық үшін жақсы перспективалар ашылуда. Қазақстан Беларусь аумағында логистикалық орталықтың құрылысына қатысуға дайын.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Қазақстан Беларусьтың ғылыми әлеуетін жоғары бағалайтынын атап көрсетті. Осыған байланысты бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізу, өндіріске ғылыми әзірлемелер мен технологияны енгізу өзара мүдделестік туғызады.

Халықаралық күн тәртібіндегі мәселелерді талқылау, БҰҰ, ЕҚЫҰ, ТМД, ЕурАзЭҚ, ҰҚШҰ және өзге де ұйымдар аясындағы Қазақстан мен Беларусь ынтымақтастығы кездесудің маңызды бөлігіне айналды.

Қазақстан Беларусьтің Ислам ынтымақтастық ұйымына бақылаушы болу ниетіне көмек көрсетуге дайын екенін білдіріп отыр.

Келіссөздер барысында сондай-ақ Қазақстан мен Беларусь арасындағы ғылыми және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтың қарқынды дамығаны атап өтілді. Таяу уақытта Беларусь Ұлттық техникалық университетінің жанынан Абай атындағы қазақ тілі, тарих және мәдениет орталығының ашылатыны оның жарқын мысалы бола алады. Өз кезегінде, Қазақстанда биылғы күзде Л.Гумилев атындағы Еуразиялық ұлттық университетінің жанынан беларусь тілі, тарих және мәдениет орталығы ашылады.

Келіссөздер аяқталғаннан кейін екіжақты құжаттарға қол қою рәсімі болып өтті.

Атап айтқанда, Мемлекет басшылары екіжақты байланыстар мен көпжақты форматтағы өзара іс-қимылды одан әрі тереңдетудің жолдарын айқындаған Қазақстан Республикасы Президенті мен Беларусь Республикасы Президентінің Бірлескен мәлімдемесіне қол қойды.

Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Беларусь Республикасы Үкіметі арасындағы дипломатиялық өкілдіктер ғимараттарын салу үшін жер учаскелерін ұсыну жөніндегі Келісімге және Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы мен Беларусь Республикасы Ауыл шаруашылығы мен азық-түлік министрлігі арасындағы ауыл шаруашылығы мен азық-түлік саласындағы ынтымақтастық туралы Келісімге қол қойылды. Бұдан басқа, «АГАТ» ААҚ – басқару жүйесі» – «Геоақпараттық басқару жүйесі» холдингінің басқарушы компаниясы мен «Қазақстан инжиниринг» ҰК» АҚ арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға, мұнай мен химия жөніндегі беларусь мемлекеттік концерні «Белмұнайхимия» АҚ мен «ҚазМұнайГаз» АҚ арасындағы өзара түсіністік пен стратегиялық әріптестік туралы меморандумға қол қойылды. Сапар барысында барлығы 8 ресми үкіметаралық және ведомствоаралық құжаттарға қол қойылды.

Бағдарламаның ресми бөлімі аяқталғаннан кейін Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенко брифинг өткізді.

Беларусь Республикасының Президенті соңғы бірнеше жылда 12 қазақстан-беларусь бірлескен кәсіпорны құрылғанын атап өтті.

- Тек 2011 жылдың өзінде осындай 4 бірлескен кәсіпорын ашылды. Қазіргі уақытта 13 бірлескен жобаны әзірлеуде белсенді жұмыстар жүргізілуде. Оның жетеуі бүгінде Қазақстан Республикасы дамуы жөніндегі мемлекеттік бағдарламаға енгізілген. Бүгін қол қойылған құжаттарды іске асыру біздің халықтарымыздың игілігі жолындағы стратегиялық әріптестікті нығайтады. Сізге, Нұрсұлтан Әбішұлы, зор денсаулық және ұзақ өмір, ал Қазақстан халқына – даналық пен табыстар тілеймін, - деді Беларусь Президенті.

Өз тарапынан Қазақстан Президенті Александр Лукашенкоға дәстүрлі беларусь қонақжайлығы мен жайдары көңілдері үшін ризашылығын білдірді. Нұрсұлтан Назарбаев Беларусь Қазақстанның маңызды саяси және экономикалық әріптесі болып табылатынына назар аударды.

- Біздің елдеріміз арасындағы ғылыми-гуманитарлық ынтымақтастық кеңейіп келеді. Қазақстанда тұрып жатқан 100 мың беларус біздің қарым-қатынастарымыздың нығаюын байланыстыратын звено қызметін атқарады. Батыс Еуропа-Батыс Қытай көлік дәлізінің құрылуымен, Беларусьтың Қазақстан арқылы Қытаймен шекарасы болуы мүмкін. Өз кезегінде бізідң еліміз Беларсуь арқылы Еуропамен шекараласатын болады. Мен біздің өзара іс-қимылымыздың барлық спектері бойынша қарым-қатынасымызды нығайтуға бірдей ұмтылысымызды білдірген бүгін өткен келіссөздердің қорытындысын жоғары бағалаймын. Стратегиялық әріптестікке бағытталған, бізді байланыстыратын достық дәнекері мен өзара құрметіміз Қазақстан мен Беларусь халықтарының игілігі жолындағы біздің қарым-қатынасымыздың басты қағидаттары болып саналады және алда да солай бола беретініне сенемін, - деп атап өтті Нұрсұлтан Назарбаев журналистерге арналған брифингте.

Түстен кейін Мемлекет басшысы Минскідегі Жеңіс монументіне гүл шоғын қойды.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар