Бөлімдер санаты

Жаңалықтар

15 мамыр 2012
Бүгін Мәскеуде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің сессиясына қатысты.

03

02

01

04

Бұл ҰҚШҰ-ның Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің мерейтойлық сессиясы болып табылады. Биыл мамыр айында Ұйым Ұжымдық қауіпсіздік туралы шартқа қол қойылуының 20 жылдығы мен ҰҚШҰ-нің бекітілуінің 10 жылдығын атап өтеді. Мерейтойлық саммит мемлекет басшыларының шағын құрамдағы кездесуімен ашылды.

Сессияны аша отырып, Ресей Президенті Владимир Путин 10 жылғы жұмысында Ұйым өзін лайықты көрсеткенін, оның халықаралық беделі артқанын атап өтті. ҰҚШҰ өз жауапкершілігі аймағында ұжымдық қауіпсіздікті қолдаудағы ықпалды құралға айналды.

ҰҚШҰ-ға төрағалық еткен Мемлекет басшысы отырыстың күн тәртібін айтып өтіп, қалыптасқан жақсы дәстүр бойынша сенімді ахуалда ынтымақтастықтың ең өзекті мәселесі талқыланатынына сенім білдірді.

- Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің тамаша мерейтойлық сессиясын ұйымдастырғаны және дәстүрлі қонақжайлығы үшін ресейлік тарапқа ризашылығымды білдіргім келеді. Сізді, Владимир Владимирович, сайлаудың табысты өтуімен, жақында өткен ұлықтау рәсімімен және Ұлы Жеңістің 67 жылдық мерейтойымен құттықтаймын, - деді Қазақстан Президенті.

Сессия барысында Қазақстан, Ресей, Армения, Беларусь, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан басшылары әлемдегі өзекті проблеманы талқылады, қазіргі заманғы жаһандық және аймақтық қауіп-қатерлерге қарсы іс-қимыл бойынша келешектегі бірлескен қадамдарды айқындады.

ҰҚШҰ-ға мүше мемлекет басшыларының шағын құрамдағы кездесуінің қорытындысы бойынша Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше мемлекет басшыларының Декларациясы қабылданды.

Одан кейін сыртқы істер, қорғаныс министрлері мен қауіпсіздік кеңесінің хатшыларының қатысуымен кеңейтілген құрамда ҰҚШҰ-ның Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің пленарлық отырысы болып өтті.

Ұйымның өткен кезеңдегі жұмыс қорытындыларын шығара келе, тараптар оның қызметінің салмақты нәтижесін атап өтті.

Қауіпсіздікті қамтамасыз етудің әртүрлі салаларындағы ынтымақтастықты үйлестіру жөніндегі мемлекетаралық орган құрылып, жұмыс істеуде. Біздің елдерімізге қарсы бағытталған қауіп-қатерлерге жедел әрекет етуге қабілетті ұжымдық қауіпсіздік күштері қалыптастырылған.

Ұжымдық бітімгерлік қызмет туралы Келісім қабылданды.

2011 жылы желтоқсанда негізінде одақтастық қарым-қатынастарды нығайту үшін маңызды құжат – ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің аумағында үшінші елдің әскери инфрақұрылымдық объектілерін орналастыру туралы Хаттамаға қол қойылды.

Есірткінің заңсыз айналымына, жасырын көші-қонға қарсы әрекет және ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөнінде «Канал», «Нелегал» және «Прокси» операциялары жыл сайын өткізіледі. Аталған іс-шаралардың нәтижелеріне жүргізілген талдау бұл салалардағы ынтымақтастықтың перспективасы мен зор әлеуеті барын көрсетті.

Аталған сессияның мерейтойлық сипатын ескере отырып, келіссөздердің қорытындысы бойынша «ҰҚШҰ Құрмет белгісін бекіту туралы» және «Ұжымдық қауіпсіздік шарт туралы ұйымына қол қойылуына 20 жыл толуына байланысты Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің Құрмет грамотасымен марапаттау туралы» бірқатар шешімдерге қол қойылды.

Одан кейін Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен ҰҚШҰ-ның Бас хатшысы Николай Бордюжа баспасөз мәслихатын өткізді.

- Біз сессия барысында Ұйымның болашақтағы дамуының басым бағыттарын анықтадық және осыған байланысты бұдан кейін қажетті ұжымдық шаралар, жаһандық және өңірлік қауіпсіздіктің өзекті проблемалары бойынша пікір алмастық. Атап айтқанда, Ауғанстан аумағынан шығатын қауіп-қатерлерге қарсы іс-қимыл және қауіпсіздік мәселесі, Таяу Шығыстағы, Батыс Азия мен Солтүстік Африкадағы, соның ішінде Сириядағы жағдайлар мен ирандық ядролық бағдарлама айналасындағы мәселелер талқыланды. Қазақстан ҰҚШҰ-ның қызметін оң бағалайтынын атап өткім келеді. Өз тарапымыздан біз Ұйымның дамуы мен нығаюы үшін барлық күшімізді одан әрі жұмсайтын боламыз, - деп атап өтті Нұрсұлтан Назарбаев.

- Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының аясындағы әскери ынтымақтастықты жетілдіру және жандандыру мәселесі келесі сессияның басты тақырыбына айналады, - деді Николай Бордюжа.

Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің келесі отырысын биылғы екінші жартыжылдықта Мәскеу қаласында өткізу туралы шешім қабылданды.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар