National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Жаңалықтар


Халықаралық қоғамдастық

Бүгін Нұрсұлтан Назарбаев пен Алмазбек Атамбаев Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасы Жоғары мемлекетаралық кеңесі үшінші отырысының қорытындысы бойынша бірлескен брифинг өткізді

2012 жылғы 22 тамыз

Отырыстың қорытындысы бойынша екі жақты ынтымақтастықты дамытуға бағытталған 8 құжатқа қол қойылды.

Қатысушылар алдында сөйлеген сөзінде Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасы этнос, тіл, дін және ұлттық дәстүрлері жағынан тарихи жақын елдер екенін атап өтті.

- Алмазбек Атамбаев Қазақстанға үш рет келді. Болып өткен кездесулер кезінде біз біраз келісім жөнінде уағдаластық, соның арқасында өзара сауда көлемі екі есеге артты. Қырғыз Республикасында қазақстандық капиталды қамтитын 320 бірлескен кәсіпорын жұмыс істейді. Қазақстан 1 миллиард доллар инвестиция салды. Қырғызстанда қалыптасқан ауыр жағдайды ескеріп және оның өнеркәсібін қолдау мақсатында, біз бірлескен Қазақстан-Қырғызстан инвестициялық қорына 100 миллион доллар бөлдік. Бұдан бұрын, Қырғыз Республикасының оңтүстігіндегі оқиғаларға байланысты, Қазақстан 40 миллион доллар өтеусіз гуманитарлық көмек көрсетті. Соның ішінде, үйлерді қалпына келтіруге және құрылысына, азық-түлікпен қамтамасыз етуге көмек көрсетілді. Қазір мектеп құрылысы үшін қаражат бөлінді. Біз сондай-ақ қырғыз жастарының Қазақстан университеттерінде, соның ішінде Астанадағы Халықаралық Университетте оқулары үшін арнайы гранттар бөлетін боламыз, - деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев сондай-ақ Қырғыз Республикасы су электр энергиясы бойынша экспорттық әлеуетке ие екенін айтты. Сондай-ақ Қазақстан Қырғызстан жағынан суармалы суды қажет етеді.

- Көп мәселеде екі ел арасында өзара тәуелділік бар, осыған байланысты олардың достық және ізгі өзара қарым-қатынастарын конверсиялау қажет. Инвестиция мен бизнес алдындағы тосқауылды алып тастау керек. Біз Қырғызстанның Кеден одағына мүше болуын қолдаймыз. Сонда бар мәселені бірлесіп шешетін боламыз, - деп атап өтті Қазақстан Президенті.

Өз кезегінде Қырғыз Республикасының Президенті Алмазбек Атамбаев тараптар барлық мәселе бойынша консенсусқа қол жеткізгеніне тоқталды.

- Мен Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қолдау көрсеткенін ерекше атап өткім келеді. Шын мәнінде көп мәселе туысқандық жомарттықпен шешілді. Мысалы, біз 100 мың тонна астықты төлем мерзімін ұзарта отырып бөлуді сұрадық, алайда 200 мың тонна астықты кемінде жарты жылға төлем мерзімін ұзарта отырып бөлу туралы шешім қабылданды. Оның үстіне, Нұрсұлтан Әбішұлы астық қаншалықты қажет болса, сонша көлемде бөлінетінін айтты. Осы ретте биыл 100 миллион текше метр газды қосымша жеткізу туралы мәселе шешімін тапты. Біздің елдеріміз келешекте бізді электр энергиясымен қамтамасыз ететін Алматы-Кемин жоғары вольтты желі жобасын іске асыруға бірлесіп кірісетін болады, - деді А.Атамбаев.

Қырғызстан Президенті Мемлекетаралық комиссияға Шымкенттен Қырғыз Республикасының аумағына мұнай құбырын тарту мәселесін пысықтау міндеті тапсырылғанына тоқталды.

- Бұдан былай Қырғызстан мен Қазақстан арасында ешқандай мәселе болмауы тиіс. Мен болашақта біз Кеден одағына мүше болу мәселесін бірлесіп жеделдетеміз деп сенемін. Бұл мәселеде де біз Нұрсұлтан Әбішұлының қолдауын сезінеміз. Сонымен бірге, алғашында бір мектеп құрылысына қаржы бөлу көзделінген болса, енді Қазақстан екі мектептің құрылысы үшін қаражат бөліп отыр. Бір мектеп Қырғызстанның оңтүстігінде, ал екіншісі солтүстігінде тұрғызылады. Біздің барлық өтінішіміз, күткеніміз екі есеге дейін асыра орындалды. Осындай қолдау көрсеткені үшін біз Нұрсұлтан Әбішұлына өте ризамыз. Мен бұл мемлекеттік сапар – біз бүгін қол қойған Декларацияда айтылғандай, Қырғызстан мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынастардың жаңа кезеңі, жаңа беттері деп санаймын, - деді А.Атамбаев.           


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару
Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің